Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласында мембағдарлама әзірленбек

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кешеніне барды, деп хабарлайды қала әкімінің ресми сайты.

Қазақстан Республикасының қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаты «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасында айқындалған және қалдықтарды жеке жинауды енгізуге, қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытуға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қайта өңдеу өнімдерін өндіруге бағытталған.

Қазақстанның астанасындағы қалдықтарды қайта өңдеу бойынша зауыт – қайталама шикізатты қалпына келтіру арқылы қатты қалдықтарды сұрыптауды жүзеге асыратын, сондай-ақ сұрыпталған пластмассаларды өңдеуге арналған өндірістік нысандары бар қаланың жалғыз кәсіпорны. Елордада 65 қоқыс шығаратын компаниядан кешенге күн сайын 950 тонна ҚТҚ түседі. Қазақстанда өткізілетін іс-шаралар қатты қалдықтарды қайта өндеу үлесін 2018 жылы 11,51% -ға дейін арттыруға мүмкіндік берді, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 9%, 2016 жылы – 2,6% болатын.

Бүгінгі таңда республика бойынша 204 қала мен аудандардан әртүрлі кезеңдерде бөлек жинау 51, ал сұрыптау 30 елді мекенде енгізілген. Сонымен қатар, қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау ірі қалалар мен қоса өңірлерде де жүзеге асырылуда. Сұрыптау кешендерінде мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, қатты қалдықтарды өңдеу саласын одан әрі дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал, мемлекеттік қолдау шаралары, мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлу, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту қажет. Осыған байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы проблемаларды жан-жақты шешу және осы салада бірыңғай көзқарас қалыптастыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке жинауды табысты жүзеге асыруда халықтың экологиялық санасы мен мәдениеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан, экологиялық білімді арттыру мақсатында республикалық және жергілікті деңгейді ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізілуде.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 95-46-89

Яндекс.Метрика