Елбасы «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығына барды

Дереккөз: www.24.kz

Әлем бойынша жаңартылған қуат көздерін игеру аса қымбатқа түседі

Алайда жер шарын құрып кетуден сақтау үшін көптеген мемлекет тәуекелге барды. Солардың бірі – Қазақстан. Елордадағы «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы былтыр ашылған. ЕХРО қалашығындағы бұл нысанға бүгін Елбасы арнайы барды. Тұңғыш Президентке «жасыл» экономиканы дамыту және экологияны қорғау саласында қолға алынған жұмыстар баяндалды. Айта кетейік, Қазақстан ауаға тарайтын зиянды заттарды азайту жөніндегі Париж келісіміне қол қойған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Я действительно высказал в 2010 году на сессии ООН, в 2015 году мы сказали, что Казахстан будет зеленым мостом. Парижское совещание было по зеленому шару. Себестоимость  альтернативной энергии высокая пока. И по гидро-, ветровой энергии, когда будет конкурентоспособной, тогда будет двигаться, поэтому развитие технологии здесь очень важно.

Бұл – елімізде соңғы онжылдық ішінде қолға алынған жобалар. Жел және күннен қуат алып, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып келе жатқан кәсіпорындар жұмысы Тұңғыш Президентке таныстырылды. Ол үшін орталықта арнайы цифрлық алаң құрылған. Еліміздегі геотермальды ресурстардың әлеуеті мен биомасса полигондарының орналасуын да осы жерден көруге болады.

Ал бұл – кең байтақ жерімізде жүзеге асып жатқан тағы бір жоба. Желден қуат алуға бағытталған. Инвестор – шетелдік компания.

Алматы облысында да тіршілік нәрі – судан энергия өндіру қарқынды жүріп жатыр. Каскад атты жоба шеңберінде 3 бірдей станция салынады.

Елімізде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және жаңартылатын энергия көздерін дамытудың маңызы зор. Елбасы бүгін осылай деді. Бұл мақсатқа жету үшін тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласына озық технологиялар енгізіп, жаңа инвесторлар тарту қажет. Тұңғыш Президент солардың бірі – исландиялық компания басшысымен кездесті.

Жаңадан қолға алынатын тағы бір жоба – қатты қалдықтарды өңдеуге бағытталған. Алматы қаласында жүзеге асырыла бастады. Ілкімді іске финляндиялық компания тартылған.

Елорда да қатты қалдықтарды өңдеу ісіне ден қойған. Мұнда пластик бұйымдары кәдеге жаратылады.

Бас қаладағы Сәкен Сейфуллин атындағы университеттің шәкірттері де жаңартылатын энергия көздері саласында жан-жақты ізденіс жүргізіп келеді. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы

Елбасы жобаларды саралай келе, ілкімді істерді аяқсыз қалдырмауды тапсырды. Мақсат – жаңартылған қуат көзі көлемін арттыру.

Авторы: Рауан Мыңбаев

СҚО-дағы орманда еркек құрлар бір ай бойы өзара мықтыны анықтайды

Дереккөз: www.24.kz

Солтүстік Қазақстан облысында құрлардың төбелесі басталды. Бұл құстар көктемде бір ай бойы бір-бірін түтеп, өзара мықтыны анықтайды.

Қанаттылардың жекпе-жегін көру үшін арнамыздың түсірілім тобы орманда түнеп, керемет көріністің куәсі болды.

Түн. Түк көрінбейтін қараңғылық. Табиғат тым-тырыс. Таң ата құстар қаумалап, қатты шулай бастады. Бұл құрлардың айқасы.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Біз мұнда таң атпай келіп, осындай күркеде жасырынып отырмыз. Міне, 3 сағаттай болды құрлар ана жерде төбелесіп, ойран салып жатыр. Олардың жекпе-жегі өте тартысты.

«Айқас алаңына» 50 шақты құр қонып, еркектері өзара мықтыны анықтайды. Бәрі балалапанбасарға ұнау үшін тартысады. Өйткені олар жеңімпаздармен ғана жұптасады. Тіпті ағаш басында да тыныштық жоқ.

Бұл жылына тек бір рет қайталанатын құбылыс. Құрлар көктем сайын осы маңға ұшып келіп, көріністің көрігін қыздырады. Олардың төбелесін Александр Ремшов 10 жылдан бері үзбей көріп келеді.

Александр Ремшов, аңшылықтанушы:

– Орманның оянып, табиғаттың тірілуі керемет сәт. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Таңғы 4-те келіп, құстардың дауысын естудің өзі бір ғанибет. Іш-бауырың елжіреп кетеді.

Солтүстік Қазақстан облысын 270 құс түрі мекендейді. Өңірде оларды зерттейтін арнайы топ бар. Мамандар қанаттылардың көшіп қонуын қадағалап, санақ жүргізеді.

Иван Зубань, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ биология кафедрасының аға оқытушысы:

– Солтүстік Қазақстан облысында бұған дейін кездеспеген ақжақты қарашақаз құсын таптық. Олар негізі Еуропа арқылы көшіп қонады. Бізге адасып келген ғой…

Қазақстанда 4 жылдан бері көктемде құс аулауға тыйым салынған. Бұл кезде олардың ұясы мен балапандарына өрт қана қауіп төндіреді. Табиғат жанашырлары: «енді осы уақытта шөп жағуға да шектеу қойылса» дейді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

БҚО-да қызғалдақтың қанша түрі өседі?

Дереккөз: www.24.kz

Қазақ жері қызғалдақтың «тарихи отаны» деген еді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты тағылымдық мақаласында.

Күні бүгін елімізде қызғалдақтың 35 түрі болса, соның 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Осы бір өсімдіктің өзіндік ерекшеліктерін танытып, тұмса табиғатымызды қорғап-дәріптеу мақсатында Батыс Қазақстан облысының Қайыңды ауылында жыл сайын қызғалдақ фестивалі өткізіледі.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Осыдан 5 ғасыр бұрын Еуропа асып жат жұртты жерсінген қызғалдақтардың түп төркіні, негізгі отаны Еділ мен Жайықтың арасы деседі. Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарында да қызғалдақ кездескенімен, дәл мына Қайыңды ауылындағыдай гүлді алқаптар өте сирек. Жалпы аумағы 400 гектар жерді алып жатқан бұл алқапта Геснер қызғалдағының 12 түрі бар.

Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі болса, Орал өңіріне соның 4-і тән. Ішінде Геснер қызғалдағының орны бөлек. Себебі бұл өсімдік селекцияға көнбіс, будандастыруға бейім келеді. Сондықтан да шығар, Геснер гүлі алғашқылардың бірі болып шетел асыпты.

Жанат Қажымұратова, БҚМУ аға оқытушысы, биолог:

– 15 ғасырда адамдар Еуропада тюльпонамия немесе қызғалдақ безгегі деген аурумен ауырған, басқаша айтқанда адамдардың бәрі шаруашылықтарын тоқтатып, осы қызғалдақ өсірумен айналысқан. Ол кезде пиязшықтар өте қымбат тұрған. Амстердамда үлкен үйдің әлі тұрғанын айтады. Ол тек қана қызғалдақтың үш пиязшығына сатып алған үй екен. Голландықтар жыл сайын өздерінің экономикасына 4 млрд ақша түсіреді екен.

Өзге елді өркендеткен осы бір өсімдіктің қадірін кеш те болса түсініп жатқанымыз қуантады. Өйткені қызғалдақтың өсіп-өніп, гүлдеуі үшін 5-7 жыл керек. Ал қауызында 200-дей тұқымы болады. «Бір қызғалдақты жұлып алу, осынша өсімдіктің тамырын қуартқанмен бірдей», – дейді мамандар. Сондықтан да шығар, жыл санап дала гүлдерінің саны сиреп, қатары кеміп барады.

Сабырғали Оразаев, Казталов ауданының тұрғыны:

– Біздің бала кезімізде қызғалдақ көп болды. Сосын ол кезде қызғалдақты ысырап қылып, ешкім терген жоқ. Барып қызықтап қайтушы едік. Теру кейінгі кезде шықты.

Бүгінде 18 қызғалдақ түрі елімізде қорғауға алынған. Биыл екінші рет ұйымдастырылған қызғалдақ фестивалінің мақсаты да – табиғат байлығын таныту, оны қорғау.

Абат Шыныбеков, Казталов ауданының әкімі:

– Осы табиғи ескерткішімізді, көркем жерімізді, халқымызға, елімізге паш ету және халықаралық туризмді дамыту мақсатында шара ұйымдастырылып отыр. Оған тек Батыс Қазақстан емес, көршілес Ресейдің Жаңаөзен, Алғай аудандарының өкілдері келіп қатысып, фестивальдің нақыштарын келтіруде.

Фестиваль аясында дала төсіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, түрлі қолөнер және зергерлік бұйымдардың көрмесі өтті. Гүлдер тақырыбындағы ән-жырлар шырқалды.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 95-46-89

Яндекс.Метрика